"АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ КОКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ "ӘЙГЕРІМ" БАЛАБАҚШАСЫ" МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ  КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ ДЕТСКИЙ САД "АЙГЕРИМ" ГОРОДА  КОКШЕТАУ ПРИ ОТДЕЛЕ ОБРАЗОВАНИЯ ПО ГОРОДУ КОКШЕТАУ УПРАВЛЕНИЯ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

СоцСети

    

2021-2022 оқу жылы

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Нормативтік құжаттар

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты 05.05.2020 № 182

 

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты 05.05.2020 № 182

 1-тарау. Жалпы ережелер

       1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармағына сәйкес әзірленді және мыналарға:

      1) оқыту нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына;

      2) тәрбиленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне;

      3) тәрбиеленушілердің даярлық деңгейіне;

      4) оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды анықтайды.

      2. Осы стандартта мынадай терминдер мен олардың анықтамалары қолданылады:

      1) ата-аналар дағдылары – баланың дене, зияткерлік және эмоционалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру, оның әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету, тиісті мінез-құлықты қалыптастыру үшін қажетті дағдылар;

      2) әлеуметтендіру – қоғамда толыққанды өмір сүру үшін қажетті білім, білік, дағдыларды, нормаларды, қағидаларды меңгеру арқылы баланың әлеуметтік ортаға ену процесі;

      3) әлеуметтік дағдылар – бала мектепке дейінгі жаста меңгеретін өзара әлеуметтік әрекеттің әдістері мен тәсілдері;

       4) интеграция – мазмұнның құрылымдық бөлімдерінің арасындағы байланысты орнататын процесс;

      5) ерте дамыту – баланы туғаннан бастап үш жасқа дейін дене, зияткерлік және эмоционалдық дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру;

      6) заттық-кеңістіктік дамытушы орта – мектеп жасына дейінгі балалардың тұлғалық, зияткерлік, әлеуметтік және эмоционалдық дамуын қамтамасыз ететін жағдайлар жүйесі;

       7) инклюзивті білім беру – барлық тәрбиеленушілердің ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін процесс;

      8) күн тәртібі – баланың қалыпты дамуына және оның денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін тәулік бойғы уақытты тиімді бөлу және түрлі іс-әрекет пен демалыстың дұрыс өзара бірізділігі;

      9) күту – ерте жастағы балаларға күтім жасау, тамақтандыру, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру шараларын ұйымдастыру;

      10) оқыту нәтижесі – баланың даму деңгейінің көрсеткіші;

      11) өз бетінше үйрену дағдылары – баланың дербес және ересектердің басшылығымен қоршаған ортаны тануда және мектепте оқуға табысты дайындалуда жинақтаған дағдылары;

      12) үлгілік оқу бағдарламасы – әрбір ұйымдастырылған оқу қызметі бойынша меңгеруге тиіс білім, білік, дағдылар мен құзыреттіліктердің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама;

      13) үлгілік оқу жоспары – жас топтары бойынша бір аптадағы ұйымдастырылған оқу қызметінің тізімін, көлемін, ұзақтығын реттейтін құжат;

      14) ұйымдастырылған оқу қызметі – білімді игеруге, біліктер мен дағдыларды меңгеруге бағытталған педагог пен тәрбиеленушілердің бірлескен әрекеті;

      15) жеке оқу жоспары – Үлгілік оқу жоспары негізінде оның жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиеші және/немесе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары құрастырған оқу жоспары;

      16) жеке оқу бағдарламасы – Үлгілік оқу бағдарламасы негізінде оның жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиеші және/немесе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары құрастырған оқу бағдарламасы;

      17) ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар–денсаулығына байланысты білім алуда ұдайы және уақытша қиындық көріп жүрген арнайы, жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын қажет ететін балалар.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      3. Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды даярлық сыныптарында әрбір топта үш адамнан аспайтын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мен оқыту қарастырылады. Топта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар болған жағдайда топты жасақтаудың ара қатынасы үш тәрбиеленушіге бір ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар баладан іске асырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

 2-тарау. Оқу нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына қойылатын талаптар

      4. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдары мен орта білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары білім беру қызметін:

       1) "Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 557 бұйрығымен (мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 8275 болып тіркелген) бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына (бұдан әрі - үлгілік оқу жоспарлары);

       2) "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 14 қыркүйекте № 14235 болып тіркелген) (бұдан әрі - үлгілік оқу бағдарламасы) сәйкес жүзеге асырады.

 

      5. Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұны:

      1) оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде ұсынылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге;

      2) қимыл, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық, әлеуметтік білім, білік, дағдыларын, өз бетінше үйрену дағдыларын, сонымен бірге аталған білім, білік, дағдыларды ерте жастағы балаларда қалыптастыруға;

      3) тәрбиелеу мен оқытуға психологиялық-педагогикалық жағдай жасауға;

      4) мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілерді бастауыш білім беру ұйымдарында оқыту үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді құруға;

      5) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім беру арасында оқыту, дамыту, тәрбиелеу міндеттерін ескеріп, сабақтастық пен үздіксіздік ұстанымдарын қамтамасыз етуге;

      6) тәрбиеленушілердің жеке және жас ерекшеліктерін ескеріп, оқу қызметіне дайындыққа;

      7) креативтілікті, коммуникативтілікті, сыни ойлауды және командада жұмыс істей білуді дамытуға бағытталған әлеуметтік-тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруға;

      8) "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұлттық салт-дәстүрлер мен жалпы адами құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      6. Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуда баланың ерекшеліктері ескеріліп, жеке оқу жоспары мен жеке бағдарлама әзірленеді.

      7. Оқытудың нәтижелері көрсеткіштер ретінде баланың даму мониторингін қамтамасыз етеді және оның жеке дамуын жоспарлаудың негізі болып табылады.

      8. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны түрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру арқылы оларды кіріктіру жолдарымен іске асырылатын "Денсаулық", "Қатынас", "Таным", "Шығармашылық", "Әлеумет" білім беру салаларына негізделген.

 

      9. "Денсаулық" білім беру саласы.

      "Денсаулық" білім беру саласының мақсаты денсаулығы мықты, дене бітімі дамыған баланы тәрбиелеу, тәрбиеленушілердің бойында өз денсаулығына саналы түрде қарауды қалыптастыру болып табылады.

       "Денсаулық" білім беру саласына ата-аналардың балаларға ерте жастан күтім жасауы мен оларды дамыту дағдыларына ие болуына жәрдемдесу, тәрбиеленушілердің негізгі қимыл түрлерін игеруі арқылы мәдени-гигиеналық дағдыларды, қимыл-қозғалыс тәжірибесін қалыптастыру, дене сапаларын және қимыл белсенділігіне қажеттілікті дамыту, түрлі ұлттық қимылды ойындарды және командамен жарыс сипатындағы ойындарды өткізу, спорттық жаттығуларды орындау, спорттық ойындардың элементтерімен таныстыру, шығармашылық қабілеттерді және командада өзара әрекеттесу дағдыларын дамыту енгізілген.

      "Денсаулық" білім беру саласының мазмұны баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға; тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында, төтенше жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға; шығармашылық, танымдық, тілдік қабілеттерді қолдана отырып, негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы тәрбиеленушілердің қимыл-қозғалыс тәжірибесін байытуға бағытталған.

      Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту жалпы қимылдық біліктерді, жүру мен жүгіру дағдыларын, қимылдарды үйлестіруді, гигиеналық және дене шынықтыру құралдарын қолданудың қарапайым дағдыларын қалыптастыруды, ойындарға қатысуға қалауы мен эмоционалдық жауап беруді, нұсқау бойынша қимылдарды орындауға баулуды қарастырады.

      "Денсаулық" білім беру саласындағы ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) дене шынықтыруды (ерекше білім беру қажеттіліктері бар тәрбиеленушілерге арналған бейімделген дене шынықтыру);

      2) қауіпсіз мінез-құлық негіздерін" қамтиды.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      10. "Қатынас" білім беру саласы.

       "Қатынас" білім беру саласының мақсаты ауызекі сөйлеуді қалыптастыру, өмірдегі түрлі жағдайлардағы қарым-қатынас дағдыларын игеру, оқу мен жазудың алғышарттарын қалыптастыру болып табылады.

      "Қатынас" білім беру саласы тәрбиеленушілердің әр түрлі балалық іс-әрекетінде Қазақстан халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру арқылы ауызекі және байланыстырып сөйлеуді, мәнерлеп оқу мен мазмұндауды дамытуды, тілдің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеуді, белсенді сөздік қорын байытуды, тілдік нормаларды игеруді, мемлекеттік және орыс тілдеріне үйретуді қамтиды.

      "Қатынас" білім беру саласының мазмұны коммуникативтік біліктер мен дағдыларды дамытуға, балалардың түрлі іс-әрекетінде ауызекі сөйлеуді дамытуға, сөздік қорды байытуға, балалар әдебиетіне қызығушылықты дамытуға бағытталған.

      Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту қатысымның вербалді және вербалді емес дағдыларын қалыптастыруды, тілдік ортаны құруды, сөйлеу белсенділігін, қоршаған ортаға қызығушылықты, коммуникативті әрекеттің түрлі формаларына қатысуға қабілеттілікті оятуды қамтиды.

      "Қатынас" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) сөйлеуді дамытуды;

      2) көркем әдебиетті;

      3) сауат ашу негіздерін;

      4) қазақ тілін (орыс тілінде оқытатын топтарда), орыс тілін (қазақ тілінде оқытатын топтарда) қамтиды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      11. "Таным" білім беру саласы.

      "Таным" білім беру саласының мақсаты мектеп жасына дейінгі баланың жеке тұлғасын қоршаған әлеммен өзара іс-қимыл жасауда командада жұмыс істей білуге қажетті танымдық іс-әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгеруі үшін дамыту болып табылады.

      "Таным" білім беру саласы санау дағдыларын, геометриялық пішіндер туралы түсініктерді қалыптастыруды, кеңістікті және уақытты бағдарлауды; құрылыс, табиғи және қалдық материалдар мен конструктордың бөліктерінен құрастыруды; тірі және өлі табиғат заттары мен құбылыстары жөнінде білімдерді кеңейтуді, креативтік ойлауды дамытуды қамтиды.

      Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту көпсенсорлы қабылдау мен кеңістікті бағдарлау дағдыларын қалыптастыруға, сенсорлық ақпараттарды саралауға, сезімдік тәжірибені жинақтауға, заттық қимылдарды игеру және ойлау процестерін белсендіруге, қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыруға бағытталған.

      "Таным" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) сенсориканы (бөбек жасы топтарында – 1-3 жас), математика негіздерін (мектеп жасына дейінгі топтарда – 3-6 жас);

       2) құрастыруды;

      3) жаратылыстануды қамтиды.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

    

 

 

  12. "Шығармашылық" білім беру саласы.

      "Шығармашылық" білім беру саласының мақсаты шығармашыл тұлғаны, шығармашылық қабілеттерді, сезімдік-эмоционалдық саланы, қиялды, ойлауды, көркем талғамды қалыптастыру, ұлттық бейнелеу өнеріне баулу арқылы патриотизмге тәрбиелеу.

      "Шығармашылық" білім беру саласы сурет салу, мүсіндеу, жапсыру және өнер туындыларын қабылдау мен түсіну дағдыларын, командада жұмыс істей білуді, қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты қалыптастыруды, өнер түрлері туралы қарапайым ұғымдарды, тәрбиеленушілердің дербес шығармашылық іс-әрекетін іске асыруды қамтиды.

      Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту шығармашылық әрекет процесінде шынайы әлемнің бейнелерін қалыптастыруды, заттық ұғымдарды айқындауды, нақтылауды және жалпылауды қамтиды.

      "Шығармашылық" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) сурет салуды;

      2) мүсіндеуді;

      3) жапсыруды;

      4) музыканы қамтиды.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      13. "Әлеумет" білім беру саласы.

      "Әлеумет" білім беру саласының мақсаты ерте жастағы және мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілерді қолайлы әлеуметтендіру, оларды мәдени-әлеуметтік нормаларға, отбасы, қоғам мен мемлекеттің дәстүрлеріне баулу, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады.

      "Әлеумет" білім беру саласы әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын игеруді; қоғамда өзін-өзі ұстай білудің адамгершілік нормаларын, сондай-ақ жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруді; баланың ересектермен және құрбыларымен қарым-қатынас жасай білуін, оларға құрметпен қарауды, дербестігін тәрбиелеуді, өзінің отбасына жақындық сезімін, эмоционалды елгезектікті, жанашырлықты қалыптастыруды, қазақ халқының, сондай-ақ басқа халықтардың тарихын, мәдениетін білу мен құрметтеуді, туған жер туралы туралы түсініктерін кеңейтуді, еңбек түрлері мен түрлі мамандық иелеріне қызығушылықты қалыптастыруды қамтиды.

      Ерте жастағы тәрбиеленушілерде отбасында және мектепке дейінгі ұйымдарда әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын қалыптастыру баланың өмірін қорғауға және денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-коммуникативтік қабілеттер мен дағдыларды: мәдени-гигиеналық біліктер мен дағдыларды меңгеруге, тәртіп ережелерін үйретуге, күн тәртібіне дағдыландыруға, когнитивтік функцияларды дамытуға (алдында туындаған қиындықтарды көре білу, көңіл-күйінің, эмоционалдық жағдайының өзгеруін көру), тұлға аралық қатынастарды құрудың негізі болып табылатын этикалық нормаларға тәрбиелеуге, отбасында және мектепке дейінгі ұйымда балалардың бір-біріне мейірімді болуына, көңіл бөлуге, қамқорлық жасау және бір-біріне көмектесу жағдайын құруға, жеке тұлғаның жайлы әлеуметтенуіне, эмоционалдық-адамгершілік қарым-қатынас тәжірибесін жинақтауға, балалар әрекетінің әр түрінде тәрбиелеу дәстүрлерінің сабақтастығын қамтамасыз етуге, туған өлкеге, еліне деген сүйіспеншілікке, оның тарихына қызығушылыққа тәрбиелеуге бағыталған.

       Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту органикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру бойынша өзіне қызмет ету дағдыларын, әлеуметте өзін ұстауы мен оған қарым-қатынасын қалыптастыруға, оларды әлеуметтік және тұрмыстық ортаға тартуға, түрлі әлеуметтік-мәдени дағдыларды игеруге бағытталған.

      "Әлеумет" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) өзін-өзі тануды;

      2) қоршаған ортамен танысуды қамтиды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

 3- тарау. Тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар

      14. Тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар Үлгілік оқу жоспарларында белгіленеді.

      15. Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін балалар үшін апталық оқу жүктемесінің көлемі мынадай:

      1) ерте жас тобы (1 жастан бастап) – ұзақтығы 7-10 минуттан 7 сағат;

       2) кіші топ (2 жастан бастап) – ұзақтығы 10-15 минуттан 9 сағат;

      3) ортаңғы топ (3 жастан бастап) – ұзақтығы 15-20 минуттан 11 сағат;

      4) ересек топ (4 жастан бастап) – ұзақтығы 20-25 минуттан 12 сағат;

      5) мектепалды тобы, мектепалды сыныбы (5 жастан бастап) – ұзақтығы 25-30 минуттан - 17 сағат.";

      Оқыту орыс тілінде жүргізілетін балалар үшін апталық оқу жүктемесінің көлемі мынадай:

      1) ерте жас тобы (1 жастан бастап) – ұзақтығы 7-10 минуттан 7 сағат;

       2) кіші топ (2 жастан бастап) – ұзақтығы 10-15 минуттан 9 сағат;

      3) ортаңғы топ (3 жастан бастап) – ұзақтығы 15-20 минуттан 11,5 сағат;

      4) ересек топ (4 жастан бастап) – ұзақтығы 20-25 минуттан 12,5 сағат;

      5) мектепалды тобы, мектепалды сыныбы (5 жастан бастап) - ұзақтығы 25-30 минуттан 18 сағат.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

 4-тарау. Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      16. Мектепке дейінгі ұйымның тәрбиеленушісі Үлгілік оқу бағдарламасында белгіленген әрбір білім саласындағы жас топтары мен ұйымдастырылған оқу қызметі бойынша меңгеруге тиісті білім, білік, дағдылар көлемін және құзыреттіліктерді меңгеруі тиіс.

      17. Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар тәрбиеленушінің жасына сәйкес оның жетістіктерін мониторингілеу негізінде үлгілік оқу бағдарламасында күтілетін нәтижелер түрінде анықталған:

      1) бірінші деңгей – бала осы немесе басқа білім мен әрекетті жаңғыртады;

      2) екінші деңгей – бала белгілі бір білім қорына ие және өзінің әрекетін түсінеді;

      3) үшінші деңгей – бала өзінің білетіні мен қолынан келетінін қолданады, білім, білік, дағдыларды дербес және шығармашылықпен қолданады.

      18. Мектепке дейінгі ұйымның және орта білім беру ұйымдарының мектепалды сыныбы түлегі келесідей сапаларды меңгеруі тиіс:

      1) дене бітімі дамыған;

      2) білуге құмар;

      3) өзіне сенімді және белсенді;

      4) эмоционалды елгезек;

      5) әлеуметтік дағдыларды және ересектермен, құрдастарымен өзара қарым-қатынас жасаудың, өз бетінше үйренудің дағдылары мен әдістерін меңгерген;

      6) өзі, отбасы, қоғам (жақын әлеумет), мемлекет (ел), әлем және табиғат жөнінде алғашқы түсініктері бар;

      7) орта білім беру ұйымында оқуға қажетті біліктер мен дағдыларды игерген.

      19. Алып тасталды – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      20. Туғаннан бастап 1 сыныпқа қабылданғанға дейін балалардың біліктері мен дағдыларының тізбесі Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 2-қосымшасында берілген.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

 5 тарау. Оқыту мерзіміне қойылатын талаптар

 

       21. Алып тасталды – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

 

      22. Жас кезеңдері және жас топтары (балалардың жасы – 1 қыркүйектегі толық жасы) мынадай:

      1) бөбек жасы – 0-3 жас:

      нәрестелік жас – туғаннан бастап;

      ерте жас – 1 жастан бастап (ерте жас тобы);

      кіші жас – 2 жастан бастап (кіші топ);

      2) мектепке дейінгі жас – 3-6 жас:

      орта жас – 3 жастан бастап (ортаңғы топ);

      ересек жас – 4 жастан бастап (ересек топ);

      мектепалды жас – 5 жастан бастап (мектепалды тобы, мектепалды сыныбы).

      Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын меңгеру мерзімі – 5 жыл.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

 


 

 

Мектепке дейінгі тәрбие мен
оқытудың мемлекеттік жалпыға
міндетті стандартына
1-қосымша

 1 жастан бастап 6(7) жасқа дейінгі тәрбиеленушілердің біліктері мен дағдыларының тізбесі

       Ескерту. 1-қосымша алып тасталды – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

 

 

Мектепке дейінгі тәрбие
мен оқытудың мемлекеттік
жалпыға міндетті стандартына
2-қосымша

 

 Туғаннан бастап 1 сыныпқа қабылданғанға дейін балалардың біліктері мен дағдыларының тізбесі

       Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

№ п/п

Дағдылар тізбесі

Бөбек жасы (0-3 жас)

Мектепке дейінгі жас (3-6 жас)

Нәрестелік жас (туғаннан бастап )

Ерте жас
(1 жастан бастап)

Кіші жас
(2 жастан бастап)

Орта жас
(3 жастан бастап)

Ересек жас
(4 жастан бастап)

Мектепалды жасы
(5 жастан бастап)

1

2

3

4

5

6

7

8

Денсаулық сақтау дағдылары

1

Мәдени-гигиеналық дағдылар

Тамақты көргенде қимылдайды. Ыдысты ұстауға көмектеседі, ұстайды.

Өз еркімен қасықпен тамақ ішеді, ересектің көмегімен киінеді, түбекке сұранады, оның орнын біледі және уақытында қажеттілігін айтады

Жеке бас гигиенасының алғашқы дағдыларын меңгереді.

Жеке бас гигиенасының ережелерін біледі және сақтайды.

Гигиеналық шараларды орындау ретін біледі.

Гигиеналық шынықтыру шараларын өздігінен орындайды.

2

Дене шынықтыру

Ересектердің саусақтарынан ұстайды. Заттарға ұмтылып, екі қолымен ұстайды, заттарды қолдан қолға ауыстырады

Берілген бағытта жүре алады, жүгіре алады. Баспалдақпен жоғары көтерілгенді және төмен түскенді ұнатады.

Жүгіру, өрмелеу және секірудің алғашқы дағдыларын меңгереді.

Негізгі қимыл түрлерін орындаудың қарапайым дағдыларын меңгереді.

Өмірлік маңызы бар қимылдарды өздігінен орындай алады.

Негізгі қимыл түрлерін орындау кезінде шығармашылық танытады.

3

Дербес қимыл белсенділігі

Сүйене отырып заттың үстіне шығады, айналаға қарайды, контейнерден заттарды алады, суды шашыратады.

Қатар отырып ойнай алады, кеңістіктегі ашық, зейін аударатын заттарды өз бетінше таба алады.

Шағын топта бірге ойнай алады.

Командада ойнаудың қарапайым ережелерін сақтай біледі.

Түрлі ойындарды, оның ішінде ұлттық ойындарды ойнайды, ойын ережелерін сақтайды.

Командада қимылды ойындарды ұйымдастыру дағдыларын игерген. Қимыл белсенділігіне қарапайым өзіндік бақылауы қалыптасады.

4

Салауатты өмір салты

Өзін жұбату және ұйықтау қабілеттерінің жоғарылағанын көрсетеді.

Күн тәртібін орындайды.

Шынықтыру шараларын өткізу кезінде жағымды көңіл-күй танытады және қауіпті жағдайда сақтық танытады.

Салауатты өмір салтының қарапайым ережелерін біледі, ересектердің көрсетуімен шынықтыру элементтерін орындайды.

Салауатты өмір салтының қарапайым ережелерін біледі және сақтайды.
Өсімдіктермен, жануарлармен, жәндіктермен не істеуге болатынын біледі.

Қауіпсіздік қағидаларын саналы түрде орындайды.
Шынықтыру шараларының маңыздылығы мен қажеттілігін түсінеді. Күн тәртібін сақтайды.

Коммуникативтік-тілдік дағдылар

1

Қарым-қатынас мәдениеті

Дыбысқа және оның дереккөздеріне назар аударады.
Былдырлайды және дыбыстарға еліктейді.

Жаңа сөздерге еліктейді; таныс заттардың және қимылдардың жеңілдетілген атауларын, алғашқы толық сөздерді қолданады

Өзінің құрбыларымен және жақындарымен қарым-қатынасқа түсе алады.

Ересектердің сөзін түсінеді. Сұрақтарды тыңдайды, оларға жауап береді.

Ересектермен, балалармен қарым-қатынасқа түсе алады және олардың өтініштерін орындайды.

Қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін біледі және оларды сақтайды.

2

Тілдің грамматикалық құрылымы

-

Қарапайым сөздерді қолданады және заттар мен қимылдарды қарапайым сөздермен атауды біледі.

Түсінікті болу үшін өз ойын дұрыс жеткізе алады.

Қажетті сөздер мен сөз тіркестерін қолданады.

Ересектердің сұрақ қоюы арқылы салалас және сабақтас құрмалас сөйлемдерді үйлесімді құрастыра алады.

Сөйлеуге сыни қарым-қатынас таныта алады, грамматикалық дұрыс сөйлеуге тырысады.

3

Сөйлеудің дыбыстық мәдениеті

Оның есімін атағанда ыммен немесе дауысымен жауап береді.

Дауысты дыбыстарды және артикуляциялық қатынаста дауыссыз дыбыстарды жеткілікті түрде анық айта алады.

Дауысты және дауыссыз дыбыстарды дұрыс дыбыстай алады.

Сөздердің қалай айтылатынын тыңдап, оларды анық айтады.

Ана тілінің барлық дыбыстарын дұрыс айтады.

Дұрыс, мәнерлі сөйлей алады. Интонациялық мәнерлеудің түрлі тәсілдерін қолданады.

4

Сөздік қор

Қимылдарға, басқа ымдар мен дыбыстарға еліктейді.

Ересектердің айтқан сөздері мен сөз тіркестерін қайталайды.
Жануарлардың дыбыстарына еліктейді

Өзі, отбасы мүшелері, сүйікті ойыншықтары туралы сұрақтарға жауап береді.

Барлық қимылдарды, заттар мен құбылыстарды, олардың белгілері мен сапасын атайды.

Жағдайды көрмей-ақ сөздерді қолданып, сөйлеуде етістіктерді белсенді қолдана алады.

Сөйлеуде антоним, синоним сөздерді қолдана отырып, тілдегі сөздің көп мағыналығын түсінеді.

5

Байланыстырып сөйлеу

-

Қысқа сөз тіркестері мен сөздерді қолданып, өтініш жасай алады, тапсырманы мұқият тыңдайды және оны дұрыс орындайды.

Тілектерін, ойларын, сезімдерін айту үшін сөздерді қолдана алады.

Табиғаттың тірі және өлі нысандарын бақылау, суреттерді, заттарды қарастыру кезінде сұрақтарға дұрыс жауап береді.

Диалогтік сөйлеудің, тілдесудің негізгі формасын меңгерген.
2-3 сөйлеммен өз ойын жеткізе алады.

Әртүрлі сөз таптарын, эпитеттер мен салыстыруларды қолдана отырып, монолог құра алады.

6

Шығармашылықпен тілдік қызмет

Шаршаған немесе ренжіген кезде өзін құшақтаудың, еркелетудің қажет екенін ыммен білдіреді.

Ойыншықтармен қойылатын күрделі емес шағын сахналық қойылымдарды түсінеді, ойыншықтардың әр қимылына еліктейді.

Саусақ ойындарына арналған тақпақтарды жатқа
айтады.

Кейіпкерлердің мінезін жеткізу үшін интонациялық мәнерлеудің қарапайым түрлерін қолданады.

Таныс ертегілерді айтады, ойыншықтар туралы шағын әңгімелер құрастырады.

Оқиғаларды құрастыра алады, астарлы және ауыспалы сөздерді қолданады және түсінеді. Ұйқас және сөздік ойыңға қызығушылық танытады.

7

Шығармаларды қабылдауы

Қысқа тақпақтар мен тіл жаттығуларын тыңдайды және оған көңіл-күймен жауап береді.

Тиісті суреттерді қолдана отырып шағын, қарапайым әңгімелерді, өлеңдерді, тақпақтарды түсінеді.

Халық ауыз әдебиеті туындыларына эмоционалды үн қатады.

Түрлі оқиғаларға, кейіпкерге өзінің қарым-қатынасын білдіреді.

Өзіне ұнайтын бірнеше шығармаларды атай алады, әдеби кейіпкерлерді ойында қолданады.

Кітапқа қызығушылық танытады, өлеңдерді жатқа мәнерлеп оқи алады.

8

Сауат ашу негіздері

-

-

-

-

-

Үш дыбыстан тұратын сөздерге дыбыстық талдау жасай алады. Буындарды ажыратады.
Жазудың қарапайым дағдыларын: қарындаш, қалам ұстауды, алады, сурет салуды, сызықтар сызуды, басып жазуды меңгереді. Қағаздың, кітаптың бетінде бағдарлана біледі.

Танымдық дағдылар

1

Заттардың қасиеттерін бағдарлау

Заттарды есте сақтауға және іздеуге қабілетті.

Біртекті заттарды бір белгісі бойынша (көлемі, пішіні) топтастыра біледі.
Негізгі төрт түсті ажырата алады.

Заттардың негізгі түстерін, пішінін, көлемін, сипатын ажыратады.

Салыстыру (қатар қою, беттестіру) тәсілімен заттарға тән айырмашы-лықтарды таниды және атайды.

Заттарға тән ерекшеліктерді және белгілерді иісі, дәмі, дыбысы негізінде қабылдайды.

Танымдық әрекет ретінде заттардың қасиеттері мен белгілерін қарастырады.

2

Қоршаған ортаны тану

Әртүрлі тәсілдермен заттарды зерттейді (яғни лақтырады, шашады, басқалардың әрекетін бақылайды).

Өзі, отбасы туралы білімге ие.
Үйге, балабақшаға жақын маңайдағы
жануарларды, өсімдіктерді, заттарды таниды.

Адамдарға, олардың әрекетіне ерекше қызығушылық танытады.

Табиғаттағы және ауа райындағы қарапайым өзгерістерді байқайды және атайды.
Бағдаршам белгілерін түсінеді және атайды.

Тірі және өлі табиғат пен қоғамдық өмірдегі қарапайым себеп-салдарлық байланыстарды түсінеді.

Танымдық міндеттерді көрнекі-қимылдық және көрнекі-үлгілік жоспармен шеше алады, жүйелей және топтастыра алады.
Ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табу қабілетіне ие.

3

Құрастыру дағдылары

Қимылдарды орындаудың түрлі әдістерін жасауға тырысады.

Ересектердің көмегімен қарапайым құрастырылымдарды құрастыра біледі.

Ересектердің көрсетуімен қарапайым құрылыстарды қайталап жасайды (үстіне, жанына, астына қоя алады).

Әртүрлі тәсілдерді қолдана отырып, құрылыс материалдарын қолдана біледі.
Оның негізгі бөлшектерін біледі және атайды.

Құрылыс материалдарын өз бетінше таңдайды, өзі құрастыруға тырысады. Командада жұмыс істеуді біледі.

Құрастырудың бірнеше және қарапайым жинақтау тәсілдерін меңгерген және түрлі нәтиже алу үшін бір және бірнеше тәсілдерді қолданады.

4

Экология
лық мәдениет негіздері

Табиғат әлемін жағымды қабылдайды, қоршаған ортадағы өсімдіктер мен жануарларды аңғарады.

Тіршілік иелерін, өсімдіктерді ажырата алады, оларға қызығушылық танытады.

Жануарлар әлеміне мейірімділік пен ұқыптылық танытады.

Ересектердің көмегімен өсімдіктерді күтіп баптау бойынша қарапайым еңбек дағдыларын орындай алады.

Табиғатта өзін-өзі ұстаудың кейбір нормаларын меңгереді.

Қоршаған әлемнің алуан түрлілігін түсінеді. Өсімдіктердің белгілерін, қасиеттерін, олардың тіршілік ортасын біледі.
Табиғат бұрышын мекендеушілерге күтім жасай алады.

5

Қарапайым математикалық ұғымдар

Әртүрлі көлемдегі және пішіндегі ойыншықтармен немесе заттармен ойнайды.

Ересектердің нұсқауларын түсінеді және айналасындағы кеңістіктен заттарды таба алады.

Кеңістікті бағдарлаудың бастапқы дағдыларын меңгереді.

Уақыт, кеңістік туралы қарапайым түсініктерін көрсете алады.

Уақыт туралы (тәулік бөліктері: таңертең, күндіз, түн; күндер: бүгін, кеше, ертең), жылдам, баяу түсініктерін біледі.

Геометриялық пішіндердің құрылымдық сипаттамаларын, тура және кері реттегі сандық қатынасты біледі.

6

Ізденіс және экспери-менттік әрекет

Заттарды зерттеуге қызығушылық танытады, жаңа заттармен танысады немесе зерттейді. Заттарды көбінесе қолданылуына қарай емес, өлшемі бойынша салыстырады.

Әртүрлі пішіндегі ойықтарға (тесіктерге) сәйкес заттарды салуды біледі.

Әртүрлі заттармен әрекет жасай (ажырата, жалғай, құрастыра) алады.

Таныс материалдармен өз бетінше, сондай-ақ командада эксперимент жасай алады.

Мақсатты түрде жаңа материалдармен эксперимент, үлгі жасай алады және заттар арасындағы жалпы белгілерді ажырата біледі.

Қарапайым себеп-салдарлық байланыс орната алады, ретімен және нәтижелі эксперимент жасай алады.

7

Ақпаратпен жұмыс

Айнадағы бейнесін бақылайды және қызығушылық танытады.

Ақпаратты сезім мүшелерінің (сезім, иіс сезу, жанасу түйсіктері арқылы) көмегімен алады .

Әртүрлі ақпарат көздеріне қызығушылық танытады.

Қызықты ақпаратты анықтайды.

Жаңа ақпарат алу қажеттігін түсінеді.

Жаңа ақпаратты қызығушылық танытқандарға қалай ұсынуды біледі және түсінеді.

Шығармашылық дағдылар

1

Музыкалық әрекет

Ересек адаммен көңілді ойын ойнағанда қуанады, дабылдың соғылғанын көргенде, заттың бетін ұрады.
Музыкалық құралдармен әрекет жасайды.

Әнді орындау барысында қарапайым қимылдармен би әуеніне көңілді сипат бере алады.

Музыкалық аспаптарды біледі, музыкалық фразалардың жоғары және төмен дыбысталуын ажыратады, ересектермен бірге ән айтуға ықылас танытады.

Музыкалық шығарманың қарқынын, жоғары дыбыстарды ажыратады, әуеннің басы мен соңына назар аударады.
Халық әуендерін тындайды және қабылдайды.

Дауыс тембрін ажыратады, әнді созып айтады, сөздерді анық айтады; би, музыкалық- ырғақты қимылдарды орындайды.
Отандық композиторлардың шығармаларын тындайды және қабылдайды.

Балалардың музыкалық аспаптарында ойнаудың қарапайым дағдыларына ие. Халық әндерін, билерін орындайды.
Әнді ойдан шығарып айту қабілетіне ие.

2

Өнімді әрекет

Ашық түсті заттарға, картиналарға, гүлдерге эмоционалды үн қатады (аузына салады, басын изейді, тоқылдатады, ұрады, лақтырады).

Қағаз бетін ашық дақтармен, жақпалармен толтырады (бояу, маркер, борлар, қарындаштар); дөңгелек, жалпақ пішіндерді мүсіндейді.

Мүсіндеу дағдыларын игерген (заттарды шұңқырлау, сәндеу).
Қағаз бетіне тік және жатық, ирек сызықтар сыза алады.

Бейнелеу әрекетіне қажетті негізгі техникалық дағдылар мен біліктерді игереді.

Бейнелеу өнерінің түрлері туралы ұғымдары бар (кескіндеме, мүсіндеу, халық өнері).
Ата-бабалардың тұрған үйлерін, тұрмыстық заттарды, ұлттық киімнің бөліктерін атайды.

Бейненің сипатына тән бейнелеудің техникалық тәсілдері мен құралдарын өз бетінше таңдай алады.

3

Қоршаған ортаны эстетикалық қабылдау

- -----

Бояудың ашық түстеріне назар аударады, оларға таң қалады, куанады.

Халық ойыншықтарын қарастыру кезінде эмоционалды түрде қуанышын көрсетеді.

Қолданбалы халық өнерінің түрлеріне қызығушылық танытады. Материалдарды ұқыпты қолданады.

Геометриялық пішіндерді және өсімдік элементтерін халық өнері шығармаларының желісі бойынша біркелкі орналастырады.
Түрлі заттары дайындаудын қарапайым дағдыларын игереді.

Халық өнеріне және сәндік өнерге, дизайнға қызығушылық білдіреді, жұмыс тәсілдерін таңдайды және негіздейді, жұмыста материалдарды тиімді қолданады, табиғаттың әсемдігіне, киімге және бөлменің жинақылығы
на эмоционалды түрде мән береді.

Әлеуметтік дағдылар

1

Мәдени мінез-құлық дағдылары

Сәлемдескенде, қоштасқанда жауап қайтарады.

Жай сөйлеммен айтылған өтінішті орындайды.

Мінез-құлық нормалары мен қағидаларын түсінеді, сәлемдесу, қоштасу, ризашылық сөздерін қолданады.

Адами қарым-қатынас туралы білімді меңгерген, эмоционалдық жай-күйді түсінеді.

Айналадағы және жақын адамдарға қамқорлық көрсетеді.

Қажетті жағдайларда көмек сұрай алады, басқа адамдардың тілектеріне құрметпен қарайды.

2

Ересектермен және құрдастарымен өзара әрекет

Отбасы мүшелерін таниды. Ересектермен жағымды қарым-қатынаста бола отырып күледі, қол бұлғайды немесе күлімсірейді. Қарым-қатынас жасауда ұнату, жақтырмау сезімін білдіреді.

Ойын-сауықтар мен әртүрлі ойындарда ересектермен әрекет етеді.
Ересектерді ынтамен тыңдайды және қарапайым тапсырмаларды орындайды.

Жақындарына, құрдастарына бауырмалдық, тілектестік сезім танытады.

Тұрақты ойын топтарына қосылады және танымдық тақырыптарда құрдастарымен тілдесе алады.

Ересектермен бірге еңбек әрекеттерін орындайды, командада әрекет ете алады. Құрдастарының арасында өзінің орнын, өзінің "Мен" екенін сезінеді. Ересектермен және құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас жасағанда адамгершілік нормалары мен ережелерін сақтайды.

Ересектермен және құрдастарымен бірге еңбек ете алады, ортақ мақсат қояды және оның нәтижесін талқылай алады.

3

Адамгершілік нормалары туралы түсінік

Алғашқы эмоцияларын білдіреді.
Көмек қажет болғанда дененің қозғалысын және дыбысты қолданады.

Айналасындағылармен қарым-қатынасты реттеу және өзінің қалауын білдіру үшін қажетті сөздерді қолданады.

Қазақстанның астанасын, өзі тұратын қаланын атауын біледі. Халық ауыз әдебиеті шығармалары арқылы ненің "жақсы", ненің "жаман" екенін түсінеді.

Айналасындағыларға сүйіспеншілік пен қамқорлық танытады. Өзінің әрекеттерін және ертегі кейіпкерлерінің әрекеттерін бағалай алады.

Қазақстан халқының салт-дәстүрлері туралы түсінікке ие.

Отбасылық құндылықтарды сақтайды. Өзінің кіші отанына, туған елінің мәдениетіне сүйіспеншілік және құрмет танытады.

*** Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар, оның ішінде ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесіндегі балалар үшін күтілетін нәтижелер жеке және арнайы үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес анықталады.

Жаңартылған күні: 01.01.1970 06:00
Құрылған күні: 30.03.2022 16:48

Текст